Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев бірлескен отырыста мерейтой аясында өтетін іс-шараларға дайындық барысын баяндады. Сондай-ақ, жиында халықтың біртұтастығын нығайту тетіктері талқыланды.
Этносаралық татулық пен бірліктің нығаюында ерекше орын алатын Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл. Осыған орай, «Қоғамдық келісім» КММ-і даталы күнге және Алғыс айту күніне байланысты апталықтар ұйымдастырмақ.
Басқосу барысында облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов пен Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова өңірдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайту, этносаралық келісімді жандандыру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы бойынша сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.
Жиын қатысушылары Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің, этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың облыс аумағында іске асуымен танысып, алдағы атқарылатын жұмыстар жайын талқылады. Басқосу сұрақ-жауап түрінде өрбіп, өзекті мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлер айтылды.