Еңбекке ебі барларға мемлекет әркез қолдау көрсетуге дайын. Өткен жылы Шымкентте 428  азамат қайтарымсыз грант алып өз кәсібін ашқан. Солардың бірі - Жұлдыз Бураева. Көпбалалы ана гипстен сәнді бұйымдар жасап, хош иісті майшамдар мен сабынның түр-түрін шығарып жатыр.
 Бала күтімімен үйде отырған Жұлдыз Бураева гипстен әртүрлі бұйым жасауды интернеттен үйреніпті. Қызығушылығы артып, қолөнер шеберінен сабақ та алған. Жасаған заттарын сәнді етіп безендіруге барынша машықтанған көпбалалы ана бірте-бірте бұл кәсіптің қыр-сырына қанығып, өз брендін қалыптастыруға бел байлапты. Сөйтіп, бизнесін бастауға қайтарымсыз грант алған.
 Өткен жылы Шымкентте 428 адам қайтарымсыз грант алып кәсіп ашқан. Олардың басым бөлігі өндіріс саласын таңдаған. Сондай-ақ қызмет көрсету жағына қызыққандардың да қарасы қалың.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісін жолға қойып, дамытуға мүмкіндік береді. Биылғы өтінімдер сәуір мен шілде айларының аралығында қабылданады деп жоспарланып отыр. Оның мөлшері 400 АЕК көлемін, яғни, 1 572 800 теңгені құрайды.