Бұдан былай футбол, волейбол, баскетбол мен хоккей клубтарында ойнайтын легионерлерге мемлекет тарапынан жалақы беру тоқтатылады. Олардың еңбекақысы демеушілердің мойнына жүктелмек. Бүгін мәжілісте тиісті заң жобасы мақұлданды. Қабылданған құжатта тағы қандай нормалар бар? Тілші тарқатады.
Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен астам спорт түрін тіркеп қойып оның барлығына қаржы беріп келген болса енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Ал, легионерлерге мемлекеттің де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма қабылданды.
БЕК ТӨЛЕУ, СПОРТ САРАПШЫСЫ
«Осы ретте оларға жалақыны кім төлейді. Ертең көлеңкелі экономиканың әрекеттері байқалмай ма, яғни, легионерлерге ақша төлемей, олар отандық ойыншыларға көбірек ақша қойып, оны қағаз жүзінде ұсынып, басқаша әрекеттерге баруы мүмкін ғой. Осы жағын да ойластыру керек».
Қабылданған тағы бір өте маңызды норма, федерациялардың аккредитиация алу тетігі өзгертілді. Енді еліміздегі барлық спорттық федерациялар ұлттық спорт федерациясы болуы керек.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Бұл заң күшіне енгеннен кейін бір ақ сәтте еліміздегі барлық спорт федерацияларының аккредитациясы жойылады. Бітті. енді олар қайтадан уәкілетті органға барып, аккредитация алу керек болады. Сосын спорт министрлігі бұған дейін қанша ақша алдыңыз, қайда жұмсадыңыз, спорттық бағдарламаңыз қандай,қандай кем-кетік бар, соның барлығын қарайды. Қазір федерация құрған адамдар алмай, басқа адамдар федерация ашуы мүмкін".04:17
Сондай-ақ, бір спорт түрі бойынша бір ұлттық спорт федерация ғана аккредиттеледі. Бұрыңғыдай бір федерацияның ішінде бірнеше спорт түрлі шоғырланып, қаржыны игермейді. Бұдан бөлек, «мемлекеттік дене шынықтыру – спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау» ұғымы енгізілді, оның аясында балаларды спорттық бағытта оқытатын мекемелердің басшылары 5 жылдан артық бір лауазымда отырмауы керек. Тағы бір оң өзгеріс. Бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыны алып жүруге бір көмекші бекітіліп, оның сапар барысындағы барлық шығыны өтелетін болды.