Шымкентте есірткіге мас күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды.
Тәртіп сақшылары жүргізушінің күдікті әрекетін байқап, оны медициналық тексеруге жіберді. Сараптама нәтижелері оның есірткіге масаң күйде көлік жүргізгенін растады. Тінту барысында күдіктінің қалтасынан өсімдік тектес зат табылды. Сараптама бұл заттың салмағы 11 грамм гашиш екенін көрсетті. Полиция департаменті көлік құралын есірткіге немесе алкогольге мас күйде басқарудың ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін тағы да ескертеді. Мұндай әрекеттер тек жүргізушінің өміріне ғана емес, жол қозғалысына қатысатын барлық азаматтардың қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді. Есірткі немесе ішімдікке елітіп, көлікке отыру – тек өзіңді ғана емес, айналаңдағы ондаған, тіпті жүздеген адамның өмірін қатерге тігу екенін әрбір жүргізуші ұмытпауы тиіс.