«Жаман емес». Президент үкімет жұмысына осындай баға берді. Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы министрлер кабинеті атқаратын жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Дегенмен әртараптандыру орындалған жоқ, экономика ұлттық қорға тәуелді деп Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліктің жұмысын сынға алды. Ал, Үкімет бюджет тапшылығын шешу үшін салық саясатына реформа жасау керек дейді. Жиында Президент атом стансасының құрылысын да тездетуді тапсырды. Себебі энергия тапшылығы артып келеді. Мемлекет басшысы үкіметке тағы қандай міндеттер жүктеді? Ел экономикасын алдағы жылдары не күтіп тұр? Әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Үкімет үйінде бүгін қарбалас. Министрлер мен әкімдер, ұлттық компания басшыларының бәрі осында. Былтыр Бектенов бастаған құрамға Президент ауқымды 10 міндет жүктеген еді. Ел экомикасы өскенімен, түйіткілді мәселелері әлі де көп деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз.
Қазіргі үкіметтің бас қатырар басты мәселесі ол бюджет тапшылығы. Дефицит бірнеше трлн теңге. Ұлттық қордан қайта-қайта ақша алынып жатыр. Олжас Бектенов мәселенің шешімі ретінде салық жүйесін жаңартуды ұсынды. Яғни қосымша құн салығын көбейту керек дейді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты да әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады. Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр.
Президент салық жүйесіне реформа керек деген ұсынысты құптағанымен, құн салығы мәселесін тағы бір мәрте сараптап, салмақтау қажеттігін айтты.
Иә, қазір Қазақстан экономикасына қомақты қаржы қажет. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл 2023 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем. Осылай деген Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша батыл әрекеттер керек деді. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты екенін айтып қалды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
-Қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын
Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Ал, туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер.
Көлік-транзиттен Қазақстан қомақты қаржы таба алады. Президент еліміз арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездетуді тапсырды. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек. «Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады.
Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Алайда аспандағы тасымалды авиаотынның қымбаттығы тежеп тұр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек. Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді.
Қазақстанда бір емес бірнеше атом стансасы салынуы мүмкін екенін Президент жыл басында айтқан еді. Бұл жолы да осы ойын қуаттап, шегеледі. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездетуді тапсырып, онымен қоса елімізде ядролық кластер құру керектігін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет. Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды.
Бұдан бөлек елімізде инновациялық көмір стансалары салынуы мүмкін. Энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды тағы бір жоба. Батыс аймақтағы электр желісі мен Бірыңғай электрэнергетикалық жүйені біріктіру жұмысы 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Ал, осы секілді ірі жобаларға еліміздегі банктер белсенді атсалысуы керек. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді.
ШЕРХАН ЖАМБЫЛҰЛЫ ТІЛШІ
Осылайша Президент экономиканы дамыту үшін қажетті қадамдарды айқындап берді. Үкіметтің алдына қойылып отырған басты міндет - инвестиция тарту. Яғни жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашуы тиіс. Ал, бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға жол берілмейді. Көрпеге қарай көсілу керек деген Президент үкіметке мемлекет ақшасын барынша үнемдеп жұмсауды тапсырды.
Ш.Жамбылұлы, Олжас Берікбаев «ПТРК» көмегімен «Ұлттық арна» Астана