Эпилепсиямен ауыратын балалар ағзасына препараттар әсер етпейді. Қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері осылай деді. Алайда, алаңдаушылыққа негіз жоқ. Осыдан 2 жыл бұрын Шымкентте эпилепсияға алғаш ота жасалып, қазір нейростимулятор қою проблемасы шешілген.

Эпилепсия – жүйке жүйесінің созылмалы ауруы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, эпилепсияға шалдыққан науқастардың шамамен 70% дұрыс таңдалған терапияның арқасында тырысуларды бақылауда ұстай алады. Алайда кей жағдайда дәрі-дәрмек тиімділігі төмендеп, пациенттер «дәріге төзімді эпилепсия» диагнозына тап болады.

ДИНАРА ЖҰМАДІЛОВА, КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ    

«Фармокорезистентная форма дейді, яғни эпилепсия ауруына шалдыққан балалар ағзасына дәрі-дәрмек әсер етпей қалады. Біз оның қанша дозасын көтерсек те көмектеспейді. Сондай науқастарға нейростимулятор қойылады. Ол қымбат операция. Бірақ, МӘМС жүйесі арқылы науқастарға тегін»

Резистенттілік үміт жоқ дегенді білдірмейді. Салада білікті мамандар көп дейді басқарма басшысы. Олардың білімін арттыру үшін қосымша шетелге тәжірибе алмасу мен оқытуға жіберіледі. Неврология саласында дәлелді медицинаның ашқан жаңалықтарынан хабардар, ғылыми ойлай алатын дәрігерлер санын арттыру керек.

НҰРЛЫБЕК АСЫЛБЕКОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ       

«Балалар арасында эпилепсияны емдеу үшін, неонотолог, эпилептолог деп бөлінеді, солар жоғары білімді мамандар көп болуы керек»

 2024 жылы қалалық клиникалық балалар ауруханасында 4 науқасқа нейростимулятор қондырғысы сәтті орнатылды. Ал биыл бұл санды 2 есеге ұлғайтып, 8 науқасқа жасалады деп жоспарланып отыр. Нейростимулятор – бұл жүйке жүйесінің жұмысын реттеу үшін электрлік импульстарды қолданатын құрылғы. Бұл аппарат бас миға, жұлынға, шеткі нервтерге әсер етеді. Эпилепсия, Паркинсон сияқты күрделі ауруға шалдыққан науқастарға қойылады.