«Бақыттың кілті өзіңде». Шымкентте осындай атаумен дөңгелек үстел өтті. Сала мамандарының басын қосқан жиында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен ана мен баланы қорғау мәселесі кеңенен айтылды. Жастарға өмір сүру дағдысын дұрыс қалыптастырып, қоршаған ортамен тығыз қарым-қатынас орнату жөнінде мағлұмат берілді.
Адам боп туылу – сый. Оны құрметтеу өз қолымызда. Сондықтан әрқайсысымыз өз өмірімізді жақсарту үшін еңбек етуіміз керек. Шымкенттік психологтар осындай пікірде. Олар адамдар ең алдымен есту қажеттілігін қалыптастыра білу қажет дейді.
Елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заң бар. Оған сәйкес шаңырақта ұрыс шыққан жағдайда балалардың өміріне қауіп төнетіп, олардың психикасын бұзатын әрекеттер орын алмауы керек. Мамандар аталған заң тұрмыстық кикілжіңдердің туындауына тосқауыл болып отырғанын айтады.
Шымкент – жастар қаласы. Шаһарда 400 мың жас бар. Олар 9 ЖОО мен 40 колледжде және мектептерде білім алып отыр. Белсенді топтың өмір дағдысына оң әсер ету мақсатында талай жиын өткен. Десе де әркім өзін түземей, өмірі өзгермейтіні ақиқат.
Адамды танып-білу үшін – ғасыр керек. Азаматтар, әсіресе, әлеуметтік ахуалға қарай өзгеріп отырады. Сондықтан жеткіншек жастан бастап балаларға қолдау білдіріп, тең қоғамда өмір сүруіне жағдай жасау лазым. Мамандардың пікірі осыған саяды.