Елімізде мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынды. Энергетика министрлігі, Қаржы және Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрыққа өзгеріс енгізді.
Қазақстан Республикасы аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль көлігімен бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды. Бұған өндіруші көрсеткен көліктердің газ цистерналарында тасымалданатын майлар мен жанармай кірмейді. «Ғылыми зерттеулер, біліктілік және зертханалық сынақтар мақсатында авиациялық жанармайды әкетуге де уәкілетті органдармен келісім бойынша рұқсат етіледі. Бұл шектеу мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыруға және елдегі жанармай тапшылығының алдын алуға бағытталған», - деп хабарлады Энергетика министрлігі. Бұйрық бүгіннен бастап күшіне енді.