Өңірде бәсекеге қабілетті, білікті мамандарды даярлайтын мекемелер де аз емес. Олардың көпшілігі әлеуметтік серіктестіктер арқылы жұмысын ширатып отыр. Мәселен республикада кәсіптік-техникалық білім беретін 772 колледж бар. Онда 565 мың студент тәлім алады. Сондай оқу орындарының бірі – Леңгір қалалық №8 кәсіптік техникалық колледжі. 60 жылдық тарихы бар мекеме 20 мыңнан аса жұмысшы маманын даярлап шыққан.
 Темір жонып, дәнекерлеу. Тігін тігіп, дизайн жасау. Электр жүйелерін құру. Қамыр илеп, тамақ әзірлеу. Бұл – колледж студенттерінің күн сайын айналысатын ісі. Ұлболсын Илияс – тігінші мамандығының 3 курс студенті. Ол өзінің теориялық білімін тәжірибеде шыңдау үшін «Казпласт» компаниясында тігін тігіп жүр.
ҰЛБОЛСЫН ИЛИЯС, СТУДЕНТ
Биыл Президентіміз жұмысшы мамандығының жылы деп отыр. Бала күнімнен қызығып келдім. Мамандық өзіме ұнайды. Оқып, тәжірибемді арттырып, болашақта үлкен белестерге жетуге үміттенемін...

Бұл тігін цехы Леңгір қаласындағы №8 кәсіптік техникалық колледждің әлеуметтік серіктесі. Білім ордасындағы шәкірттерді тігін тігуге үйретеді. Жеті мамандық бойынша шәкірт тәрбиелейтін оқу ордасында жаңадан наубайшы мамандығы ашылды. Аспаз шеберханасы құрылып, құрылғылар сатып алынды.
Тағы бір жаңалық. Колледждің ескі ғимараттары жыл сайын жаңарып, күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Нәтижесінде  тағы бір тігін шеберханасы іске қосылды. Қазір мұнда студенттер Ворлдскилс чемпионатына дайындалып жатыр.
 Қазір колледжде 7 мамандық бойынша 988 студент білім алып жүр. Өндірістік шеберханалары заманауи жабдықтармен қамтылған. Ұстаздардың біліктілігінің арқасында шәкірттер кез-келген құралды еркін қолдана алады.
 Білім ордасының тәрибиеленушілері халықаралық жарыстарда жүлделілер сапынан көрініп жүр. Ал ең бастысы, мұндағы әрбір жас «адал еңбек – адал кәсіп» қағидасын ұстанбаққа бел байлаған.