Ұлыстың Ұлы мейрамының басы Ордабасы ауданында да өтті. Бұл шара қазақ халқының ынтымағы мен ауызбіршілігін нығайтып қана қоймай, жастарға ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында да ұйымдастырылып отыр.
Ұлттық өнер көрсетілімдері өтіп, айтыскер ақындар жырдан шашу шашты. Дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлеген күй орындалды. Тарихи-мәдени көрмелер – қазақ халқының көрісу дәстүріне қатысты ақпараттар мен құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Қазақы дастархан жайылып, келген қонақтарға наурыз көже мен ұлттық тағам ұсынылды.
Бұл шара қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртып қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі болды. Адамдар арасындағы қарым-қатынасты бекемдейтін, татулық пен ізгілікті дәріптейтін осындай мейрамдар ұлт бірлігін нығайта түспек.
Көрісу күні – жақсылықтың, береке мен ынтымақтың символы. Бұл мейрамның жыл сайын кең көлемде тойлануы – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің белгісі.
Амал мерекесіне орай Ордабасы ауданындағы «Шәмші» аллеясында арнайы шара көптің көңілін көтерді. Жиналған қауым бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, ізгі тілектерін арнады. Бұл күні үлкендерге құрмет көрсетіліп, жастарға ата дәстүрдің маңызы түсіндірілді.