Заңды білу – әр азаматтың міндеті. Құқық қорғау саласының қызметкерлері студенттермен кездесіп, “Заң мен тәртіп” қағидаттарын талқылады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Жастар басқосуда осындай ой тоқтамға келді.
Кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері студенттерге заң талаптары, құқықтық мәдениет және қоғамдық тәртіптің маңызы туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, жастар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
ЖАНДОС БЕКАСАНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
Біздің мақсатымыз – жастардың құқықтық сауатын арттыру. Қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу үшін әр азамат өз құқығы мен міндеттерін білуі керек. Бүгінгі кездесуде біз студенттердің сұрақтарына жауап беріп, нақты мысалдармен түсіндірдік.
Студенттерді әсіресе, интернеттегі алаяқтық, әкімшілік құқықбұзушылық және еңбек құқығына қатысты мәселелер қызықтырды. Олар жең ұшына жалғасқан сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу бойынша ақпараттаға қанықты.
АЙБЕК СЕЙДАХМЕТ, СТУДЕНТ
Осындай кездесулер өте маңызды деп ойлаймын. Себебі, кейде құқықтық мәселелерді білмегендіктен қателікке жол беріп жатамыз. Бүгін өзіме қажетті көп ақпарат алдым.
Кездесу еркін форматта өтті. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Құқықтық сауаттылық – қауіпсіз қоғам кепілі.