Футболға бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған. Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясы мен жергілікті аяқ доп клубтарына талдау жүргізіп, 3 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғанын анықтаған. Күмәнді әрекеттер қатарында негізсіз сыйақы төлеу, инфрақұрылым қаражатын жоспарсыз қолдану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және футболшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру деректері бар.
Сын садағына ұлттық федерацияның бұрынғы басшылығы мен жергілікті бірнеше клуб іліккен. Қатарында шымкенттік «Ордабасы» да бар. Бас прокуратура әшкерелеген шикілік клуб ойыншыларын арзанға сатып, жаңа трансфер бағасын қымбат етіп көрсетумен байланысты.
БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулерде келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталды.
Былтыр қазақстандық футбол ұжымдары ішінде «Ордабасы» клубы жергілікті бюджеттен ең көп қаржы алған. Әкімдік аты аталған командаға 5,3 млрд теңге бөлген. Бұл шаһардың жалпы спортына бөлінген қаражаттың 87,1 пайызын құрайды. Қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбектің сөзінше, футбол ұжымына бөлінетін қаражаттың басым бөлігі клубтың көп жылғы қарыздарын өтеуге бағытталған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ
– «Үлкен көлемде жалақы алатын футболшылар бар «Ордабасы құрамында. Өкінішке қарай біз олармен жасалған келісімшартты бұза алмаймыз. Келісімшартты бұзатын болсақ УЕФА мен ФИФА тарапынан айыппұлдар салынады. Ол айыппұлдардың көлемі футболшыларға төленетін қаражат көлемінен әлдеқайда үлкен болып шығуы әбден мүмкін. Сол себепті біз сол шығындарды бұзбай отырмыз»
Өкінішке қарай мол қаражатқа ие, қалталы клуб өткен жылы Қазақстан пример лигасын 4-ші орынмен аяқтаған. Биылғы маусымды да сәтсіз бастап, жеңілістен көз ашпай келеді. Команда жанкүйері: «Неге қаржылық мүмкіндіктері жоғары ұжым қатарына лайықты футболшыларды қоспайды? Алда өтетін халықаралық жарыста масқара болып қалмаймыз ба?» - деп ашынады.
ЕРКІНБЕК СЕЙТМАГАНБЕТ, ФУТБОЛ ЖАНКҮЙЕРІ
– «Қысқы трансфер кезінде сапалы ойыншылар алынады деп күткем, бірақ іс-жүзінде төменгі дивизион ойыншылары келді командаға.» «Алда Еврокубоктық ойындары осы құраммен әлемге масқара болып қалаймыз ба?»
Жуырда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жанкүйері мол спортқа қатысты үн қатып, пікір білдірді. Президент «клубтар облыстық бюджетке ғана арқа сүйемей, өздері де табыс табуды үйрену қажет» деген еді.
ҚАСЫМ ЖОМАРТ-ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
«Мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады».