Елімізде күн сайын 100 адамнан қант диабеті анықталады. Тіпті бұл дерт балалар арасында да көбейіп келе жатыр. Мамандар осылай деп, дабыл қағады. Емі жоқ аурумен күрес жұмыстары өңірде қалай жүріп жатыр? Әріптесім зерттеп көрді.
48 жастағы Бауыржанның 11 жыл бұрын аяғы қақсап, әлсіздене бастаған. Дәрігерге қаралғанымен нақты диагнозды ешкім қоя алмаған. «Жағдай ушыққан соң қан тексертуге шешім қабылдадым. Содан бері қант диабеті диагнозымен күресіп келемін»,-дейді ол. Дегенмен дертінің өмір сүруге кедергі келтірмейтінін айтады.
БАУЫРЖАН ӘЛМҰХАН, НАУҚАС
--- Ана врачқа бардым, мына врачқа бардым. Қан айналымы нашар деді, біреу кальций берді. Бомай қойды әрі. Мамам айтты қаныңды тексертші деп. Қан тексерткен едім, сахар бар екен. Содан білдім мен. Сонымен алысып келе жатырмын.
Бүгінде елімізде 580 мыңға жуық адам қант диабетімен ауырады. Оның 90 пайыздан астамы дерттің 2-типімен есепте тұр. Ал Түркістан облысында 38 мың науқас тіркеуде тұрғаны анықталды. Оның 500-ге жуығы балалар.
МҰХАН БАЗАРАЛИҰЛЫ, КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ № 4 ЕМХАНА МЕҢГЕРУШІСІ
2024 жылы 4780 адам ауырған ал қазіргі таңның өзінде бүгін осы 2025 жылдың бүгініне дейін 4700-ге жуық науқас қазіргі таңда анықталып отыр. Жылдан жылға қант диабеті өсіп жатыр. Оның негізгі себептері экологиялық жағдай деп айтуға болады. 2030 жылдары әр 20 адамның 1-еуі қант диабетімен ауыруы әбден мүмкін.
Жалпы қазір гемодиализге тәуелділердің тең жартысы – қант диабетіне шалдыққандар. Биыл олардың дәрі-дәрмегіне 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ақ халаттылар күнделікті мұндай диагнозы бар 5 науқастың аяғын кесуге мәжбүр.
РОЗА МАМБЕТОВА, ЭНДОКРИНОЛОГ ДӘРІГЕР
--- Қант диабетімен ауыратын адамдардың жаралары жазылуы қиын. Сондықтан кейбір жағдайларда ампутация жасалады. Аяқтарын кесіп жатады. Ол гангренаға айналып кетуі мүмкін. Некрозданып кетуіне байланысты кейбір жағдайда ампутация жасалады. Одан бөлек бүйрекке әсер етеді. Одан бөлек сосудтарға. Сондықтан қант диабеті өлімге әкелуі мүмкін, егер де оны уақытында алдын алмаса, күтінбесе.
Өкінішке қарай, елдегі қант диабетімен ауыратын науқастардың саны күн санап артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диабетке шалдыққандардың көбінде нақты диагноз анықтала бермейді. Себебі, азаматтар қандағы қанттың мөлшерін анықтау үшін мамандарға кеш жүгініп жатады
ӘСЕЛ ЕРБОЛҚЫЗЫ, ТІЛШІ
--- Қант диабетіне шалдыққандарды бағыттау үшін емханаларда диабет мектептері жұмыс істейді. Онда мамандар дұрыс тамақтану, спортпен айналысу және темекіден бас тарту бойынша науқастарға ақпарат береді. Ал жалпы қазақстандықтарға ақ халаттылар қандағы қант деңгейін үнемі бақылап тұруды еске салады.
Қант диабеті - бұл жай ауру емес. Науқастың басқа да ауруларын қоздырып, мүгедек етуі мүмкін. Тіпті, асқынып кетсе өлімге әкеледі. Дәрігерлер әлі күнге емі жоқ дертпен күресте белсенді болу үшін күн сайын спортпен айналысуға, қант пен майлылығы жоғары тағамдарды тұтынбауға шақырады.