Бүгін Amanat партиясының «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Қаратау аудандық филиалында дарынды оқушыларды марапаттау шарасы өтті. Олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болған оқушыларға арнайы сыйлықтар үлестіріліп, робототехника саласындағы үздік жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.


Марапатталған оқушылардың бірі №71 мектептің оқушысы Мадина Әлімшікова. Ол қазақ тілі пәні бойынша өткен пәндік олимпиадада үш кезеңнен өтіп, қалалық деңгейде жүлделі III орынға ие болды. Жеңісін ұстаздары мен ата-анасының қолдауына арнаған Мадина өз жетістігімен мақтанады.


МАДИНА ӘЛІМШІКОВА, ОҚУШЫ

Білім мен тәрбиені қолдап, жастардың болашағына жанашырлықпен қарағандарыңыз үшін алғысым шексіз. Мен бұл жетістікке Абай шығармалары бойынша жазған эссем арқылы жеттім.


Тағы бір жас талант Нығмет Құрбанбай. Ол білім, өнер, және дебат салаларында үздік нәтижелерге қол жеткізген. Бастауыш сыныптан бастап түрлі олимпиадаларда жүлдегер атанған Нығмет биыл Мұқағали оқуларында І орын иеленді. Ол мектеп психологымен бірлесіп «Дарын» орталығы ұйымдастырған байқаудан да екінші орын алды.


 НЫҒМЕТ ҚҰРБАНБАЙ, ОҚУШЫ

Менің еңбегімді бағалап, қолдап жатқан барша жанға ризамын. Бұл маған үлкен мотивация. Алда тағы да талмай еңбектенемін.


Іс-шара барысында Amanat партиясы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы оқушыларды арнайы құттықтады.


БАУЫРЖАН КЕҢЕСҰЛЫ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Балалар ел болашағы. Оларды қолдау біздің басты міндетіміз. Жас жеткіншектердің жетістігін бағалау олардың алға ұмтылуына жол ашады.


Іс-шара аясында қатысушылар робототехника көрмесін тамашалап, жас дарындардың шығармашылық жобаларымен танысты. Мұндай іс-шаралар балалардың өз қабілеттерін дамытуына қолдау көрсетіп, болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталған.