Парламенттің қос палатасы да үзіліс алып, депутаттар демалысқа шықты. Бірақ, бұл халық қалаулылары дамылдап, қол қусырып отырады деген сөз емес. Енді олар өңір-өңірді аралап, халық тынысымен танысады. Түйіткілді мәселелерді түртіп алып, депутаттық сауал жолдайды. Мәселен, ай басынан бері сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қаппарова ел жағдайына барлау жасап, халық ішінде жүр.


Депутаттар қала тұрғындарымен кездесіп, базынасын тыңдады. Зулаш Изатов – Абай ауданында тұрады. Сөзінше, 2021 жылға дейін онда футбол стадионы болған. Бірақ, кейін жергілікті билік ауырухана саламыз деп нысанды сүріп тастаған. Жергілікті тұрғындар бас көтеріп, медицналық орталықтың қажет емесін, бұрынғы ғимараттың қайта қалыпқа келтірілуін сұраған. Талап тыңдалып, ауырухана құрылысы тоқтағанмен стадионның салынар түрі жоқ, - дейді шағымданушылар.


ЗУЛАШ ИЗАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

 – «Бұл проблеманы көтеріп келе жатқанымызға 5 жыл болды. Соттасып, ығы-жығымыз шығып жүрміз. Не керек сол стадион салынып бітсе, халық игілігіне берілсе рақмет айтар едік.» 


Аудан әкімінің орынбасары: «алаңдауға негіз жоқ. Жобаның сметалық құжаттары әзірленіп, жоспарға енген. Қазір құрылысты кімнің салатыны анықталуда» дейді.


МЕЙІРЖАН ҒАНИҰЛЫ, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

– «Қазіргі таңда спорт басқармасы тарапынан сметалық құрылыстардың бәрі әзірленді. Қазір онда қаралып жатыр. Не мемлекеттік бюджет есебінен салынады, не демеушілер есебінен салынады. Қазіргі таңда инвестор іздестірілуде, табылмаған жағдайда мемлекет тарапынан заманауи нысан салынады.» 


Смайыл Сейтім – Қызылжар шағын ауаданының тұрғыны. Сөзінде онда жарық жиі өшеді. Тұрғындар электр тапшылығына наразы.


СМАЙЫЛ СЕЙТІМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

– «Жап-жақсы жанып тұрған мына электр энергиясы соңғы 2-3 жылда жиі өшетін болды.»


Жауаптылар бұл жаздың күні іске қосылатын қосымша құрылғылардың есебінен орын алатын ақау екенін алға тартады. Сондай-ақ ауданда жүктемесі көп, тозығы жеткен трансформаторлар да бар. Олар кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Мәселен, биыл жыл соңына дейін аудан аумағына жаңадан 5 трансформатор орнатылып, 7 –еуі жаңғыртылады. Сондай-ақ жуық арада «Ақжар» қосалқы станциясы да іске қосылмақ. Бұл трансформаторлардағы жүктемені азайтып, электр қуатын еселейді.


МАНАС ЕРБОЛҰЛЫ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

 – «Ақжар қосалқы станциясы іске қосылған жағдайда қосымша 15 мгб қамтамыз ететін болады.» 


Сенат депутаттары келушілердің арыз-шағымдарын түріп алып, шешім жолдарын ұсынды. Нұрлан Бекназаровтың сөзінше айтылған сөз айтылған тұста ғана қалмайды. Мәселе зерделеніп, қажет деп табылса жоғары мінберде қаузалады.


 НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

– «Жаңадан салынып жатқан жолдар, олардың сапасы.. Халықты не ойландырады біз ойындай кездесулер арқылы білеміз.»