Шымкентке жасаған сапары аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Сот сараптамалары институтына барды. Аталған мекеменің жұмыс барысымен танысып, сот сараптамасы саласындағы өзекті түйткілдерді көзбен көрген қос сенатор сарапшы мамандармен пікір алмасты. Мұндағы жылдар бойы қордаланған мәселелер қалай шешілмек? Толығырақ алдағы сюжетте.


Шымкенттегі Сот сараптамалары институтында қордаланған мәселе шаш етектен. 1962 жылы салынған ғимараттың тозығы жетіп, қажетті құрал-жабдықтар ескірген. Кадр тапшылығы тағы бар. Салдарынан сот сараптамасы саласының дамуына кері әсерін тигізуде, дейді институт директорының орынбасары Динара Даулеткелдіқызы.


Институттың материалдық-техникалық базасын көзбен көрген қос сенатор мұндағы мәселелер осыған дейін де көтерілгенін жеткізді. Саладағы түйіткілді тарқатпасақ, әділетті қоғам құруымыз қиын деп сөзін түйген Нұрлан Бекназаров мұндағы мәселелерді министрлікпен ақылдаса отырып, Үкімет деңгейінде көтеретіндерін айтты.


Сенаторлар мегаполистегі жұмыс сапары барысында жастармен де жүздесті. Жиында Ата Заңымыздың тарихи маңыздылығына тоқталған халық қалаулылары қоғамдағы рөлін түсіндірді. Осы орайда, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды да айтып өтті.


Парламенттің соңғы сессияда 89 заң қабылданған. Сондай – ақ, Конституцияға 434 түзетулер мен толықтырулар енгізілген. Пысықтауды қажет еткен 14 заң мәжіліске кері қайтарылыпты. Жоғары палатаның бұл шешімдері халық арасында қолдауға ие болғанына көз жеткіздік, дейді қос сенатор.