Қазір қаладағы бірқатар жекеменшік оңалту орталықтарының жұмысы тоқтап тұр. Мұқтаж жандарды емдеу мекемелерінің «әлеуметтік лицензиясы» бола тұра, жұмыстарын жалғастыра алмай отырған көрінеді. Осылай деп шырылдаған бір топ сауықтыру орындары басшылары өңірге іс-сапармен келген Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Динара Наумовамен жүздесіп, көмек сұрады.
Мәжілісмен сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қала тұрғындарымен кездесуді жоспарлаған. Әуелі инклюзивті орта, мүгедектігі бар жандардың өмір сүру жағдайымен танысуды ұйғарыпты.
ДИНАРА НАУМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Қазір жалпы Қазақстан бойынша жекеменшік оңалту орталықтарына лицензия беру мәселесі өзекті болып тұр. Бүгін мекемелердің басшыларымен кездесіп, өңірдегі жауапты тұлғалармен қатар мәслихат депутаттарын шақырып, аталған түйткілдердің түйінін бірге тарқатуға тырысып жатырмыз. Айтылған мәселелердің барлығы жауапсыз қалмайды! Біз министрлік өкілдерімен біріге отырып, шешеміз деп ойлаймын!
Күнсұлу Зейілбекқызы - «Асылай» мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының құрылтайшысы. Мекеме 3 пен кәмелет жасына дейінгі балаларды оңалтудан өткізеді. Бүгінде орталықта 25 бала ем қабылдайды. Алайда, жарты жылға жуық уақыт күткен лицензиясын ала тұра жұмысты жалғастырып кете алмай отыр екен.
КҮНСҰЛУ ЗЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ, «АСЫЛАЙ» МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Әлеуметтік лицензия болмаса, үкіметтік ұйымдар жұмыс істей алмайсыздар деген соң қаңтардан бастап жұмысымызды тоқтатып, штатное расписанияға штаттық режимде сол мамандықтарды таңдау қиын болды. 25 мамырдан бастап лицензия алдық, енді министрестводан жауап күтіп отырмыз.
Динара Наумова мұндай мекемелерге бақылауды күшейтіп, мұқтаж жандарды емдеу мен әлеуметтік бейімдеу тәсілдерін қайта қарауға шақырды. Бұдан бөлек, халық қалаулысы әйелдер колониясы мен «Көмек» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына бармақ. Сонымен қатар, депутат қаланың жеке клиникаларының біріне барып, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді талқылайды.