Түркістан облысында қиын жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға қолдау көрсету үшін жаңа орталықтар ашылды. Президент тапсырмасына сәйкес, өңірдегі барлық аудан мен қалада «Отбасын қолдау орталығы» құрылып отыр. Қазірдің өзінде мұндай 17 орталық жұмыс істей бастады. Онда психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкерлер бірлесіп көмек көрсетеді.


Жаңа орталықтардың жұмысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Аймақ басшысы жұмысқа салғырт қараған әкім орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылатынын да ескертті.


 Айта кетейік, жыл басынан бері 4782 адам орталыққа жүгінді. Мемлекеттік органдардан 426 жағдай бойынша хабарлама келіп түскен. Психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер 4000-нан аса қызмет түрін көрсетіп үлгеріпті.


 КҮМІСКҮЛ МИРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Мамандар мұнда әр адамның жағдайын жеке қарап, қажетті көмекті анықтап береді. Бірі заңгерлік көмек алса, енді бірі психологиялық кеңеске жүгінеді. Кейбірі жұмыспен қамтылып, баспанасына құжат рәсімдеуге көмек алған.


Мұндай орталықтардың басты мақсаты қиындыққа тап болған отбасыларды қоғамнан шеттетпей, керісінше, оларды қолдап, жаңа өмір бастауына мүмкіндік беру. Түркістандық мамандар бұл бағыттағы жұмысты күшейте түспек.