Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы. Бұл қарапайым еңбек иелерінің қоғамдағы рөлін бағалау мен құрмет көрсетуге бағытталған. Ал үлкен қаланың күнделікті тіршілігін үндемей үйлестіріп жүрген жандардың бірі қоғамдық көлік жүргізушілері.
Шымкентте 1000-ға жуық автобус бар. Оның 876-сы күн сайын қала тұрғындарын тасымалдауға шығады. 77 тұрақты бағыт, 6 хаб бекет, 39 магистральды маршрут бәрі жолаушыларға қолайлы болу үшін жасалған.
ШЕРЗАТ СҮТТІБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қалада 82 маршрут жұмыс істейді. Оның 79-ы – әлеуметтік маңызы бар бағыттар. Автобустардың 95 пайызы соңғы 5 жылда жаңарды. Қызмет сапасын арттыру үшін бақылау топтары құрылған.
№70 бағытта көлік тізгіндеген Данияр Шарипов 10 жылдан бері осы салада еңбек етіп жүр. Тұрар Рысқұлов тас жолы мен Қайнарбұлақ шағынауданы аралығында күніне ондаған рейске шығады.
ДАНИЯР ШӘРІПОВ, ЖҮРГІЗУШІ
Таңертең ерте шығамыз. Халықпен жұмыс істеу оңай емес, бірақ сабырмен, жауапкершілікпен қарап келеміз. Бұл – халыққа қызмет көрсету.
Заңгер мамандығын меңгерсе де, техникаға деген құштарлығы оны көлік жүргізуге алып келген. Жол ережесін жақсы білетіні де осы заңгерлік білімінің жемісі. Ал рөлдегі жауапкершілік пен тәртіпті Данияр тек тәжірибемен емес, біліммен де ұштастырып келеді.
ДАНИЯР ШӘРІПОВ, ЖҮРГІЗУШІ
Жүрегім техникаға тартты. Жастарға айтарым – жүрек қалаған мамандықты таңдаңыздар. Сонда ғана еңбектен ләззат аласыз.
Қоғамдық көлік – қаланың жүрегі. Ал оны тоқтаусыз соғып тұратын қарапайым, бірақ қадірлі еңбек иелері.