Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданының активімен кездесіп, Төлебиді дамыту жолдарын талқылады. Аймаққа инвестиция тарту, туристтік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты. Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының қарқынын бағамдады.


2025 жылдың 6 айында Төлеби ауданына негізгі капиталға 20,3 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бірқатар ауылдық округ әкімдері жоспарды орындамаған. Осы ауыл округтерінің әкімдері мен салаға жауапты орынбасар жұмысты ширатуды тапсырды.


Аудан орталығы Ленгір қаласы қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Яғни, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға барлық жағдай жасалған. Алайда Ленгір қаласында соңғы жылдары жаңадан бірде-бір инвестициялық жоба іске асырылмаған. Облыс әкімі осы мәселеге ден қою керектігін алға тартты.


 Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 6 айдың қорытындысымен 70 млрд. теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнімнің 53%-ы өнеркәсіп, 20%-ы ауыл шаруашылығы, 18%-ы сауда және 8%-ы құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 6 айда 480 мың теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 37 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107 пайызды құраған.


Ауданда өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 34 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 10 пайызға артқан. 2025 жылы өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,5 млрд. теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске асып, 180 жаңа жұмыс орындары құрылады. Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарлануда.