Түркістан облысында демалыс орындарының қауіпсіздігі мен тазалығына қатысты жұмыстар күшейтіле түсті. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Нұралхан Көшеров туристік орындардың тазалығын, қауіпсіздігін жақсарту бағытындағы қарқынды жұмысты жалғастыру керектігіне тоқталды.


 Түркістан облысында туристерге қызмет көрсететін 245 орналастыру орны, 298 демалыс орны және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Әсіресе жазғы маусымда «Шардара» су қоймасы, Балықты көлі және «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне туристер көп барады. Облыс аумағында 27 орында суға шомылуға рұқсат етілген. Шомылуға тыйым салынған 111 қауіпті орынға арнайы ескерту белгілері орнатылған. Бұл жұмыстар су айдындарында қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Алайда қауіпсіздік талаптарын орындамайтындар көп. Осы бағытта бақылау күшейтілмек.


 Облыстың туризм саласын дамытуға бағытталған қадамдық жоспар бекітілген. Аталған жоспар аясында аудан және қала әкімдіктеріне демалыс және туристік орындарда санитарлық тазалықты тұрақты түрде қамтамасыз ету тапсырылды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде де тиісті жұмыстар жүруде. Әр мекемеге өзіне қатысты міндеттемелер енгізіліп, тиісті тапсырмалар берілген.


 Мәжілісте туристік орындардың инфрақұрылымын жақсарту, туризм кластерін дамыту, қауіпсіздік талаптарын күшейту, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау бағытында ұсыныстар мен тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді. Облыстағы жағажайларда мониторинг, реттеу жұмыстары жалғасады.