Түркістан облысында биылдың бірінші жартыжылдығында өзіндік кірістер көлемі артқан. Жергілікті бюджетке 139,2 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 116,7%-ға орындалып отыр. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде айтылды.
6 ай нәтижесінде салықтық түсімдер бойынша жоспар 105,9 млрд. теңге болса, бюджетке нақты түскені 121,5 млрд. теңге. Яғни, 15,6 млрд. теңгеге артығымен орындалған. Салықтық емес түсімдер бойынша жоспар 11,6 млрд. теңге болса, 14,6 млрд. теңге түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің жоспары 1,8 млрд. теңге болса, нақты түскені – 3,1 млрд. теңге. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістердің орындалуы бойынша өсім 15,3%-ға жеткен. Есепті кезеңге жоспар 19,9 млрд. теңгеге артығымен орындалған. Оның ішінде табыс салығынан 8,9 млрд. теңге, әлеуметтік салықтан 1,6 млрд. теңге, меншік салығынан 3,8 млрд. теңге, тауарлар мен қызметтерге салынатын ішкі салықтардан 795,7 млн. теңге, міндетті төлемдер есебінен 403,3 млн. теңге қазынаны толықтырған. Мәжілісте саладағы жоспарлар талқыланып, Нұралхан Көшеров жауаптыларға жұмысты ширатуды, кіріс көздерін ұлғайтуға басымдық беру керектігін тағы да ескертті.