Президент салық туралы заңға қол қойды. Бұл заң елдің салық жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді . Жаңа ережелер бюджет кірісін арттырып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.


2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және салық жүйесін оңтайландыруға бағытталып отыр. Бұл ретте, есептілік 30 пайызға қысқарып, салықтардың саны 20 пайызға азаяды.


Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі – 16 пайыз. Медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге жеңілдетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленіп, бірқатар әлеуметтік маңызды қызмет түрлері мүлде ҚҚС-тан босатылады. Ал. корпоративтік табыс салығы 20 пайыз болып қала бермек. Бірақ банктер мен ойын бизнесі үшін 25 пайыз мөлшерлеме енгізіледі. Ал, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік сала субъектілеріне жеңілдіктер қарастырылған. Жеке табыс салығына да прогрессивті шкала енгізіледі. Жылдық табысы жоғары азаматтар 15 пайызға дейін салық төлейді. Ал фермерлер үшін жеңілдетілген мөлшерлеме сақталады.


 Құны жоғары автокөлік, кеме, алкоголь және темекі өнімдеріне 10 пайыз акциз енгізіледі. Қымбат жылжымайтын мүлікке де салық жүктемесі артады. Салықтық әкімшілендіру де жаңғыртылады. Камералдық бақылау енді ескерту сипатында болады. Шағын берешегі бар бизнеске шот бұғатталмайды, ал төлемді бөліп төлеу жеңілдетіледі.


Жаңа Салық кодексі инвестиция тарту, әділ салық жүктемесін қалыптастыру және бизнесті қолдауға бағытталған. Үкімет оның экономикаға серпін беретініне сенімді.