Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданы, Достық елді мекеніндегі 900 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс алаңында болып, мердігерлердің жұмысын бақылады. Аудан көлемінде жалпы саны 4 «Келешек мектептерін» салу жоспарланып, бүгінде 3 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нұралхан Көшеров сапар аясында кәсіпкерлермен жүздесті. Өңірде өндіріс саласын дамыту жолында жан-жақты қолдаулар болатынын айтты.
Атап айтқанда, Алатау елді мекенінде 300 орындық, Көксәйекте 600 орындық, Киелітастағы 900 оқушыға арналған мектептер. Жаңаша бағыттағы білім ошақтарында балалардың сапалы білім алуы үшін дерлік барлық жағдай қарастырылады. Облыс басшысы Ленгір қаласы, І мөлтек ауданында орналасқан тұрғын үйлердің құрылыс барысына шолу жасады. Н.Көшеров аралау барысында жауаптыларға әлеуметтік маңызы бар кез-келген нысан қателіксіз, сапалы салынуы тиіс екенін ескертті. Мұнда 5 қабатты 3 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Пәтер саны – 48, 1 бөлмелі 12 пәтер, 2 бөлмелі 12 пәтер, 3 бөлмелі 24 пәтер. Тұрғын үйдің құрылысы 2023 жылы басталып, бүгінде шатыр жабу, ішкі, сыртқы әрлеу, есік, терезе орнату сынды жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба құны 625, 5 млн.теңге. Тұрғын үй республикалық және облыстық бюджет есебінен салынған. Құрылыс жұмыстары аяқталса, биыл пайдалануға берілмек.
Аймақ басшысы Киелітас ауылындағы битум өнімдерін шығаратын «QazaqBitum Processing» ЖШС нысанын аралап көрді. Кәсіпорын жетекшісі нысанның жұмыс жүйесін тарқатып, алдағы жоспарын баяндады. Зауыт 2011 жылы іске қосылған, 2022 жылы модернизациялау жүйесінен қайта өткен. Бүгінде мұнда автокөлік жолдарына арналған битум өнімдері шығарылады. Кәсіпорын тәулігіне 1000 тонна, ал жылына 300000 тонна зат өндіруге қауқарлы. Зауытта 140 адам жұмыс істейді. Мұнда ішкі және сыртқы экспорт ісі дамыған. Өнімдер республикадан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне жөнелтіледі. Одан кейін облыс әкімі Ленгір қаласында орналасқан тігін цехының жұмысымен танысты. Аралау барысында жұмыс жүйесіне оң баға беріп, бұл салаға жан-жақты қолдау болатынын жеткізді. Мұнда жылына 250 мыңға жуық арнайы жұмыс формасы тігіледі. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Цехта тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне экспортталады.