Түркістан мен Жамбыл облыстарының қиылысында жаңа шекаралық полиция бекетінің құрылысы басталған. Жаңа ғимарат қыста қатты жел соғып, ауа райы қолайсыздық тудыратын Түлкібас ауданындағы таулы аймақта орналаспақ.
Ол заманауи жабдықтармен, техникамен, бейнебақылау камераларымен және автомобильдерге арналған тұрақпен жабдықталды. Шекаралық бекет полиция жұмысын жетілдіріп, қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпек. Полиция кз-тің хабарлауынша ғимарат осы жылдың қазан айында пайдалануға тапсырылады деп жоспарланған. Нысанның құрылыс барысын облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов арнайы қадағалалап, аралап көрді. Сондай-ақ жауапты басшы жұмыс сапары барысында Сайрам ауданында орналасқан облыстық патрульдік полиция батальонындағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда жеке құрамның жайлы жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасайтын жаңа шеру алаңы мен басқа да нысандар салу жоспарланған. Департамент басшылығы полицейлерге жағдай жасау және материалдық-техникалық базаны жақсарту олардың жұмыс тиімділігін арттырудағы маңызды қадам екенін атап өтті.