Шымкентте AMANAT партиясы мен қала прокуратурасының бастамасымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы іс-шара Абай ауданында ұйымдастырылды. Мұнда 25-тен астам жұмыс беруші 1800-ге жуық бос орын ұсынды.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл жәрмеңкеге әлеуметтік осал топтар көптеп келіп жатыр. Әр мекемеде мүгедектігі бар азаматтарға арналған 2,4 пайыздық квота сақталуы қадағаланады. Таңертеңнен кешке дейін жалғасатын шараға кез келген азамат өтінішпен келе алады.
Жәрмеңкеге прокуратура өкілдері, сот орындаушылар және пробация қызметкерлері де қатысып, азаматтарға заң тұрғысында кеңес берді.
БАҒДАТ АРХАБАЕВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жәрмеңке негізінен пробация есебінде тұрғандарға, түзеу мекемелерінен шыққан, мүмкіндігі шектеулі және алимент бойынша борышкер азаматтарға бағытталған. Апта сайын қала аумағында осындай шаралар тұрақты өтеді.
Биылдың өзінде 7 жарым мыңға жуық адам тұрақты қызметке орналастырылды. Тағы 3 жарым мыңнан астамы маусымдық еңбекке тартылды. Жыл соңына дейін шамамен 16 мың тұрғынды тұрақты жұмысқа, ал 7 мыңға жуығын уақытша қызметке тарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жоспардың 60 пайызы орындалған. Жәрмеңке барысында солтүстік аймақтарға қоныс аудару бағдарламасы таныстырылды. Келесі ауқымды шара қыркүйекке жоспарланған.