Түркістан облысында су тапшылығын жою мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Қазір суды үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Әсіресе, Отырар ауданы, Қарғалы ауылында тамшылатып суару әдісі арқылы күріш пен мақта өсіру қолға алынған. Өңір басшысы ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, «Таймас-2024» ЖШС-нің мақта және күріш алқабының жұмысымен танысты.
Аумағы 5 мың гектарды құрайтын кешеннің 2300-іне мақта, 500 гектарына күріш, қалған жерлерге пісте дақылдары егілген. Бүгінде алқап жұмыстарына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Енді егін алқабында су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы дақылдарды жерсіндірілу жоспарланып отыр. Құны 2 млрд теңгені құрайтын жобаны инвесторлар қаржыландырады. Айта кетейік, биыл өңірде ауыл шаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, 59 мыңына енгізілді. 2028 жылға дейін жыл сайын 27 мың гектарға енгізу жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологияларын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделіп отыр. Бұл әдіс ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді,-дейді сала мамандары.