Өткен аптада қала әкімі тұрғындарды көшпелі түрде қабылдады. Кездесу барысында азаматтар өзекті мәселелерді көтеріп, абаттандыру мен инфрақұрылымды дамыту жөнінде ұсыныстарын білдірді. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша Абай ауданын аралады.
Қала әкімі алдымен «Достық» шағынауданында қоғамдық кеңістік құрылысының барысымен танысты. Жаңа жасыл аймақ қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналады. Мұнда орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықшамдар орнатылып, автоматты суару жүйесі іске қосылады. Жалпы көгалдандыру аумағы 4 700 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ «Ынтымақ» шағынауданындағы бірнеше сауда нүктесін аралады. Көшпелі кездесуде тұрғындар сағат 21:00-ден кейін алкоголь өнімдерінің сатылатынын айтып, бұл заң талаптарына қайшы екенін жеткізген еді. Мониторинг барысында нысандардың басым бөлігіне спирттік өнім сату лицензиясы берілмегені анықталды. Жауапты тұлғаларға кәсіпкерлермен лицензия алу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және заң талаптарының орындалуын қатаң бақылауды күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар Түркістан көшесінде балалар ойын алаңын салу үшін белгіленген аумақты және «Қызылжар» тұрғын алабындағы аулаларды абаттандыру жұмысын қарады. Аудан әкімдігіне алдағы жұмыс жоспарына ойын алаңын енгізу, аулаларды сапалы әрі уақтылы абаттандыру, сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне сәйкес «Нарқазан» аялдамасын «Мешіт» деп қайта атау тапсырылды. Бұдан бөлек «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабына медициналық пункт салу ұсынысын қарады. Бұл аумақта халыққа қажетті медициналық қызмет көрсетіп отырған дәрігерлік амбулатория бар екенін ескере отырып, қосымша медпункт салу орынды емес деп шешілді. Сонымен қатар Тоқбәйге көшесіндегі тағы бір қоғамдық кеңістік құрылысының нәтижесін тексерді. Мұнда екі балалар алаңы пайдалануға берілген. Тұрғындардың өтінішіне орай қосымша спорт алаңы орнатылады. Аралау соңында Асқаров көшесінің күтімін және «Қиял әлемі» технопаркі артында заңсыз салынған ғимаратты бұзу жұмыстарын қадағалады. Аудан әкіміне көшелерді тазалау шараларын күшейту, аумақтың тазалығын сақтау және абаттандыруға бақылауды арттыруды тапсырды.