Түркістанда ІТ мамандарын даярлайтын су жаңа «Woosong University Kazakhstan» студенттерге есігін айқара ашты. Енді білімгерлер жасанды интеллект технологиялары бойынша білім алады. 17 қабаттан тұратын ғимарат 2000-нан аса студентті қабылдауға қауқарлы. Тіпті, Республиканың түкпір-түкпіріндегі 400-ге жуық талапкер құжат тапсырып үлгерген. Жаңа оқу ордасы жастарға әлемдік деңгейде білім беріп ғана қоймай, озық технологияларды игертіп, елді цифрлық дәуірдің көшбасшысына айналдыруға қызмет етпек.


Халықаралық оқу ордасының ашылу салтанатына ҚР Премьер - Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжо Тэ Ик, «Woosong Education Foundation» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг арнайы келіп құттықтады.


ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР –МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Вусонг университеті филиалы жаңа білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық орталығына арналған. Академиялық ұтқырлыққа, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. 


Бұл – ел тарихындағы ең ірі халықаралық білім жобаларының бірі. Қазақстанды Орталық Азиядағы білім және инновация орталығына айналдыру мен жаһандық ғылыми-техникалық прогресстің алдыңғы қатарына шығуға жол ашады. Университет «Жасанды интеллект» пен «Деректер туралы ғылым» мамандықтары бойынша білім бермек. Студенттер үшін аталған бағдарламалар аясында «Қос диплом» және «Академиялық ұтқырлық» мүмкіндіктері де қарастырылған.


 КИМ СОН КЁНГ, «WOOSONG EDUCATION FOUNDATION» БІЛІМ БЕРУ ҚОРЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒАСЫ

Қоғамға үлкен үлесімізді қосу арқылы оның дамуына, интеллекттік мамандардың шығуына, елдегі студенттердің сапалы білім алуына үлесімізді қосамыз!


 Ал, әкімдік өз тарапынан әрдайым жастарды қолдауға, сапалы білім мен ғылымға баса назар аударуға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта облыс әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Қысқа мерзім ішінде ашылған бұл жаңа оқу орнына республика бойынша үлкен қызығушылық байқалып отыр. Биыл осы университетте білім алуға Түркістаннан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Мемлекет басшысы Қ.Кемелұлы қыркүйек айында өз жолдауында цифровизация мәселесін кеңінен көтерген еді. Осыдан 1 жыл 4 ай бұрын келіссөздер жүрген болатын. Қазір керемет ғимарат бой көтеріп, білім ордасы ашылып жатыр. 


Университетте арнайы профессорлық-оқытушылар құрамы жасақталған. Мұнда 13 ұстаз қызмет етпек. Университеттің материалдық-техникалық базасында 600 орындық жатақхана мен Woosong University базасындағы электрондық кітапхана бар. Бүгінде Кореядан 100-ге жуық студент арнайы келіп, бір ай бойы осында білім алып, жергілікті жастармен тәжірибе алмасады.