Жұмыс жоқ деген – жәй сылтау. Құлық болса, екі қолға бір күрек табылады. Бүгін «Арбат» алаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған жүзге жуық жұмыс беруші қатысып, екі мыңнан аса қызмет түрін ұсынды. Сондай-ақ маман күші тапшы Қостанай, Абай, Ұлытау, Павлодар облыстарынан арнайы делегаттар келіп, көшем деушілерге үй-жай мен жұмыс орнын ұсынды.
Павлодар облысы – индустриясы дамыған әлеуеті жоғары өңір. Алайда аймақта жұмыс күші тапшы. Әсіресе техникалық сала мамандары, мұғалімдер мен дәрігерлер жетіспейді. Сол себепті мемлекет халқы тығыз орналасқан өңір тұрғындарын Солтүстікке қоныс аударуға шақырады. Үкімет көшуге ниетті отбасының әрбір мүшесіне 275 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы береді. Жұмыс ұсынып, баспана алу үшін 1160 АЕК көлемінде қаржылай қолдау көрсетеді.
МАРАТ ОМАРБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
– «Павлодар облысында 10 аудан, 3 қала бар. Қалаған аумақты таңдап баруға болады. Бағдарламаның атауы – ерікті қоныс аудару. Яғни, адамға таңдау беріледі: қай жерге барасың? Бірақ міндетті түрде жұмыс орны мен баспана болуы шарт.»
Жәрмеңкені аралап, ұсыныстарға құлақ түрген Жанасбекті Абай облысының ұсынысы қызықтырды. Енді ол көші-қон мүмкіндіктерін отбасымен талқылап, көрші-қолаңға жеткізбек.
ЖАНАСБЕК ЕСМҰХАНБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Абай облысы 55 мыңнан 110 мың теңгеге дейін пәтерақы төлеп береміз дейді. Қандай мамандық керек – соған сай жұмыс ұсынамыз дейді.» – «Басқа облысқа барғанда да ол – бір Қазақстан ғой.»
Шымкентке де сапалы кадр қажет. Мәселен, №1 қалалық клиникалық ауруханаға нейрохирург, реаниматолог, гинеколог, терапевт, медбике және фельдшер сынды мамандар қажет.
АЛТЫНАЙ МӘУЛЕНОВА, КАДР БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ
– «Тапшылық бар.» «Шамамен 10 дәрігер, 5 медбике қажет.» «Сонымен қатар әкімшілік қызметтерге де, тіпті аула сыпырушыға да сұраныс бар.» –
Жыл басынан бері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі төртінші рет өтіп отыр. 1000-нан аса азамат жұмысқа орналасып, екі қолға бір күрек ұстады. Нәтижесінде жұмыссыздық көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ еңбек мобильдігі орталығы апта сайын көшпелі жәрмеңке ұйымдастырып, шалғай ауылдарға барып жұмыс ұсынады.
БАҒДАТ АРҚАБАЕВ, ЕҢБЕК МОБИЛЬДІГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Юрист, экономист сынды мамандықтар да бар. Азаматтарға тек жұмысшы мамандықтарын ғана емес, жалпы түрлі қызмет ұсынылады. Бірақ жұмысшы кадрларға басымдық берілген.»
Апта соңында қазақстандықтар Еңбек күнін атап өтеді. Құбылмалы ауа-райына, қарына, жаңбырына, аптап ыстығы мен аязға қарамай дамылсыз еңбек ететін жандар құрметке лайық. Олардың қауіпсіздігі мен жайлы жағдайда жұмыс істеуі қоғам үшін аса маңызды. Бауыржан Әлтеевтің сөзінше, жұмыс орындарындағы жазатайым оқиғалар саны жылдан-жылға азайып келеді.
БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «2021 жылдары 56-57 оқиға тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 20-30-ға дейін, яғни екі есе төмендеген. Бұл – күнделікті жұмыстың, біріккен еңбектің нәтижесі.»
Іс-шара соңында түрлі сала үздіктері марапатталып, қала әкімдігінің алғыс хаттары табысталды.