Жұмысшы мамандық жылына орай қатардағы еңбек адамдарын таныстыруды жалғастырамыз. Кезекті кейіпкеріміз – шымкенттік Сағынтаевтар отбасы. Әулеттің барлық мүшесі дерлік жол саласында жұмыс істейді. Қазір отбасының үшінші ұрпағы Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосып жүр. Егер ортақ есептесек, олардың еңбек өтілі бір ғасырға жуықтайды. Тақырыпты осы өңірдегі тілшіміз тарқатсын.


 Сағынтаевтардың әр күні осындай қызу пікірталастан басталады. Шәкірт ата ұлы мен немересіне жолдың сапалы болуы үшін қандай қағидаларға ерекше мән беру керектігін үйретеді. Қария тіпті сарғайған көне оқулықтарын да сары майдай сақтап отыр. Өйткені «білім – үлкен белестер мен мақсаттардың биік шыңы» дейді қарапайым еңбек адамы.


ШӘКІРТ САҒЫНТАЕВ, АРДАГЕР ЖОЛ ҚЫЗМЕТКЕРІ

– Бұлар сұраса – айтамыз. Сұрамаса «өзі біледі» деп жүргенбіз. Бірақ қызығушылықты бойларына сіңірдім, айттым. «Мынау – сенің өміріңде ең есте қалатын тірліктеріңнің бірі. Біреу саған үйретпейді. Кітапты оқы, түсінбегеніңді сұра, жұмыс істе – бұдан береке табасың» деймін.


 Әулеттің үлкен ұлы Қайрат бала күннен әкенің кәсібіне қызығып өскен. Бүгінде ол Ұлттық сапа орталығы Түркістан филиалында инженер болып еңбек етеді. Тіршіліктің тамыры саналатын жол – ел экономикасын еселеп, халықтың жағдайын жақсартатын тетіктердің бірі. Сондықтан жолға қажетті әрбір құрылыс затына ерекше мән береді. Бұл ретте инженер әкеден үйренген тәжірибесіне көбірек сүйеніп, енді өзінің баласына білгенін үйретіп келеді.


ҚАЙРАТ САҒЫНТАЕВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ ТҮРКІСТАН ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

– Балама менен артық ақыл-кеңес беретін адам жоқ. Өзім жол саласында жұмыс істегеннен кейін осыны ұнаттым, өзімнің жұмысымды сүйдім. Сол себепті балама да білгенімді үйретіп жүрмін.


Шәкірт атаның немересі Саят колледжде «Автомобиль және аэродром жолдарының құрылысы мен сапасы» мамандығы бойынша оқып жатыр. Сабақтан кейін әкесінің қасына барып білмегенін үйренеді. Бастапқыда оның бұл салаға мүлде қызығушылығы болмаған. Алайда атасы мен әкесінің кеңесіне құлақ түріп, осы мамандықты таңдаған. «Білмегенді сұрап, бағыт-бағдар беретін, арқа сүйейтін жандарым бар» дейді болашақ жол маманы.


САЯТ САҒЫНТАЕВ, НЕМЕРЕСІ

– Осы мамандықты таңдасам дұрыс болады деген ой келді. Оның себебі – менің әкем бұл салада жұмыс істейді. Атам да осы салада еңбек еткен. Олар көп нәрсе біледі. Мен білмей қалған жерлерімді үлкендерден сұрап, осы мамандықты игеріп, жақсы маман болып кетсем деп ниеттендім.


 «Адал еңбек – бәрін жеңбек». Жол құрылысшылар әулеті осындай қағидамен өмір сүріп келеді. Сағынтаевтарда қалыптасқан тағы бір үрдіс бар – дастархан басында үлкендер адал еңбек пен ата кәсіп туралы көбірек айтады. Өйткені баланың жақсы әрі әдепті болып өсуі осындай отбасылық құндылықтардан басталады дейді көпті көрген қария.