Түркістаннан Алматыға тарту. Қос өңір әкімдіктерінің өзара ынтымақтастық келісіміне сәйкес, Түркістан облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен Алматы қаласына керуен аттанды. Жәрмеңкеге 500 тоннадан астам ет, көкөніс, бақша, жеміс-жидек, балық және жергілікті қайта өңдеу өнімдері ұсынылмақ.
Түркістан аграрлы аймақ. Өңірдің ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Еліміздегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 14 пайызы облысқа тиесілі. Алматыға аттанған керуендегі азық-түлік нарық бағасынан 15–20 пайызға төмен бағада тұтынушыларға ұсынылатын болады. Бұл – облыстың өзге өңірлерге аттандырған алғашқы керуені емес. Бұған дейін бірнеше қалаға 400–500 тонна арзан бағада тауар тарту еткен.
ЕРМҰХАМЕД ҚҰРАЛБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұған дейін Ақмола облысының Көкшетау қаласында болды, Абай облысының Семей қаласында болды. Қыркүйек айында Астана қаласында оңтүстік өңірдің өнімдері тарту етілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне облыстың әр ауданы өз үлесін қосып отыр. Ауыл әкімдері өздері бас-көз болып, керуенмен бірге аттанды.
ҚУАНДЫҚ КҮЗЕМБАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫ САРАПХАНА АУЫЛ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Қазығұрт ауданы аграрлы аудан. Ауыл шаруашылығы өнімдері – негізгі бағыт. Ет, жеміс-жидек, қиярымыз бар, картобымыз бар. Ауданнан жалпы 30 тонна өнім Алматы қаласына алып бара жатырмыз.
Облыстың табиғи-климаттық ерекшелігіне орай, ерте пісетін бақша, көкөніс, картоп өнімдерін жинау қарқынды түрде жүргізілуде. Алдын ала жасалған есеп бойынша биыл 3,3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнге 2,6 млн тонна немесе 78% жиналды. Облыста жылыжайлардың көлемі 1715 гектарды құрайды. Бұл – республикалық көлемнің 76 пайызы. Бүгінгі күнге дейін жылыжайлар есебінен 101,5 мың тонна көкөніс жиналған.