Республикалық судьялар одағының 11-ші спартакиадасы басталды. Финалдық бәсекеде сот қызметкерлері доп теуіп, арқан тартысады, тоғызқұмалақ ойнап, қол күрестіреді. Сондай-ақ өзара тәжірибе алмасып, қызметтік байланысты нығайтады.


 Спартакиадаға Қазақстанның барлық өңірінен 20 команда келген. Олар спорттың 9 түрінен бақ сынайды. Бұл — финалдық кезең. Бұған дейін іріктеу сайыстары өтіп, жүзден жүйрік танылғандар ақтық сынға жолдама алған. Судьялар үшін 2 жылда бір өтетін бұл бәсекенің мазмұны мен мән-маңызы жоғары.


ДОСЖАН ӘМІР, ҚР СУДЬЯЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

 – «Жұмысты беріліп істеу үшін адамның денсаулығы мықты болуы керек. Біздің жұмысты білесіздер, таңнан кешке дейін бір орыннан қозғалмай компьютерде отырамыз. Сондықтан спортпен шұғылдану өте дұрыс деп ойлаймыз.»  – «Бұл судьялар қауымдастығын жақындастырады, бір-бірін жақсы тануға мүмкіндік береді. Жұмыс жасауға да қолайлы болады.» 


 Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


 ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

 – «Әділдіктің асқақ туын көтеріп жүрген судьялар қашанда қоғамның тірегі, ел сенімінің айнасы.»  «Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.» 


 Әли Асқар - Шығыс Қазақстан облысынан келген. Командалық сайысқа 2 апта дайындалыпты. «Басты мақсат — жеңіс емес, әріптестік байланысты нығайту», – дейді ол.


ӘЛИ АСҚАР, ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ

 – «Көбіне жұмыстан ешқайда шықпаймыз. Осындай жарыстарда басқа облыстағы әріптестерімізбен танысып, пікір алмасамыз.» 


Командалар шағын футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, үлкен және үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерінде бақ сынап, кімнің мықты екенін анықтайды.