Суық қаруланған бүлікшілер «Бадам» су қоймасына шабуыл жасап, күзетшілерге оқ жаудырды. Граната жарып, нысан қауіпсіздігіне қатер төндірді. Абырой болғанда, әскерилер жедел әрекет етіп, шабуылды дер кезінде тойтарды. Бұл – аумақтық қорғаныс бригадасының қатысуымен өткен оқу-жаттығу жиынында көрсетілген дайындық сценарийі. Ел басына күн туса, әскерилер қалай әрекет етеді? Сюжеттен көріңіз.
Жаттығу жиыны стратегиялық маңызы жоғары «Бадам» су қоймасында өтті. Белгіленген сценарий бойынша бүлікшілер дамбаны қиратуды көздеді. Егер қойма жарылса, жақын маңдағы елді мекендерді су шайып, тұрғындарға қатер төндірер еді. Қауіп төнген сәтте әскерилер жедел қимылдап, жауған оққа кеуде тосты. Қылмыскерлерді құрықтап, апаттың алдын алды.
БАҚЫТЖАН ӘШІМОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС БРИГАДАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ
– «Оқу-жаттығу барысында жеке құрамның алған білімі мен практикалық іс-қимылдары пысықталады». «Бір ату ротасы жұмылдырылды, 74 адам. Сол жеке құраммен оқу-жаттығуды көрсетіп жатырмыз».
Жаттығу барысында үш көрініс көрсетілді. Бірі қақпа маңында, бірі қыр еңісте, тағы бірі су айдынында ұйымдастырылды. Дайындық барысын қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев қадағалады. Әскери қимылдарға оң бағасын беріп, ризашылық танытты. Ал сарбаздар біліктілігін шыңдап, тәжірибесін жетілдірді.
МҰХТАР ЕРДӘУЛЕТ, ВЗВОД КОМАНДИРІ
– «Аумақтық қорғаныс базасындағы нұсқаушылармен бірге білімімізді шыңдау мақсатында өңірлік оқу-дала жиынына келдік».
Әскерилер дайындық барысында заманауи үлгідегі қорғаныс құралдарын пайдаланды. Практикалық іс-қимылдарды пысықтап, одан әрі жетілдірді.