Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен талап-тілектерін тыңдады. Қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Сарыағаш және Мақтаарал аудандарынан келген тұрғындар қатысып, өз мәселелерін ортаға салды.
Келген азаматтар негізінен әлеуметтік көмек, жер дауы, тұрғын үй сапасы және инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді. Кентаулық тұрғын қалада мүгедектігі бар балаларға арналған инклюзивті орталық салу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ғимараттарға пандус орнату және мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар жайын көтерді. Облыс басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалу қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Түркістандағы тұрғын үйлердің сапасына байланысты ақауларды жою, Мақтаарал ауданындағы кеден бекеті маңындағы заңсыз құрылыстар, газ нысандарын тарту, жұмысқа орналасу сынды бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Нұралхан Көшеров тұрғындар көтерген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, ұсыныс-өтініштер жеке-жеке зерделенетінін жеткізді. Тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері нақты шешу жолдарын қарастырады. Кейбір түйткілдер сол жерде шешімін тапты. Ал күрделі мәселелер бақылауға алынып, заң аясында шешілетін болады.