Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Ұйғыр тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні» аталып өтті. Мерекелік іс-шараны Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді. Шараның басты мақсаты - ұйғыр халқының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, еліміздегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту.

 Мерекелік жиынға жиналған қонақтар алдымен ұйғыр халқының тұрмыс-тіршілігін, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын таныстырған көрмені аралап көрді. Көрме қатысушыларға ұйғыр мәдениетінің бай мұрасын паш етті.

ДІНМҰХАММЕД ИСКЕНДИРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҰЙҒЫРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Қазақстандықтарға денсаулық, бірлік тілеймін. Заманымыз тыныш, халқымыз аман болсын. Мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі іс-шарада өлең айтылып, би биленеді. Ұлттық тағамдарды көрсетеміз. Мәдениетімізді жан-жақты таныстырамыз. Халқымызды дамытуға барымызды саламыз. Қазақстандағы бүкіл халық осындай бірлікпен, достықпен өмір сүре беруі керек.

Мерекелік кешке қатысушылар ел ішіндегі бірлік пен татулықтың маңызын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы келісім мен ынтымақты нығайтудағы рөлін жоғары бағалады.

НҰРКЕН ӘЛІМҚҰЛОВ, ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ
Осы 30 жылдық аясында қала әкімі, қалалық ассамблея төрағасы Ғабит Әбдімәжитұлының бастамасымен 17 этномәдени бірлестікке «Бірлігіміз — әр алуандықта» жобасы аясында гранттық қаржы бөлінді. Әр этномәдени бірлестікке 650 мың теңге көлемінде қаражат беріліп, олардың өз салт-дәстүрін, мәдениеті мен тілін дәріптеуіне мүмкіндік жасалды. Бүгінгі іс-шара — осы жобадағы он бірінші бірлестіктің шарасы.

Сахнада «Жан досым» әні шырқалып, Алматы облысы, Шелек ауданынан арнайы келген «Дастан» әншілер тобының әуезді әндері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал шымкенттік «Умай» би тобының орындауындағы «Кербез сылқым» биі көпшілікті тәнті етті. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 52-ден астам этнос өкілдері тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында 17 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.