Қалалық Опера және балет театрында Асель Қожанованың жеке шығармашылық кеші өтті. Халықаралық байқаулардың лауреаты 17 ария орындап, жанды дауыста ән салды.
25 жылдық тәжірибесі бар вокалист классикалық туындыларды шырқады. Қазақ әуендерінен бастап, шетел туындыларына дейін шолып өтті. Шығармалардың бәрі фортепианоның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындалды.
АСЕЛЬ ҚОЖАНОВА, ОПЕРА ӘНШІСІ
– «16 ғасыр мен 21 ғасыр аралығындағы туындылар орындалып жатыр» «Даму дейді ғой, 16 ғасыр мен 21 ғасыр аралығындағы классикалық туындылардың даму тізбегін ұсынғым келді.»
Кеш Опера және балет театрының фойесінде өтті. Көрермен назарын тек сахнаға қаратып, залда әннен өзге дыбыс байқалмады. Келушілер орындалған шығармаларды ұйып тыңдап, рухани ләззат алғанын айтады.
РАЗИЯ ЕСЕНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Абай Құнанбайұлының Желсіз түнде жарық ай шығармасы өте жоғары деңгейде орындалды.» «Мен қазір таңғалып отырмын. Қазақтың қыздары мынадай өнерді терең сіңіріп, қандай ғажап деңгейде орындайды. Қатты ұнады!»
18-ші маусымын өткізіп жатқан қалалық Опера және балет театры 43 іс-шара жоспарлаған. Қатарында шығармашылық кештер, спектакльдер, симфониялық оркестр мен балет труппасының концерттері бар. Ұжым бүгінде күрделі қойылымға қызу дайындық жасап жатыр.
ЖАСҰЛАН СЕЙДАЗИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
– «Біз қараша айында Шарль Гуноның Ромео мен Джульетта операсына қызу дайындық жүргізіп жатырмыз. Соған байланысты кейбір іс-шараларды кейінге қалдырып отырмыз.»
Айта кетейік, шығармашылық кештің иесі Асель Қожанова — халықаралық «Шабыт» өнер фестивалінің лауреаты. Н. Тілендиев атындағы вокалистер байқауының дипломанты. Сағынғанда, Қара маған, Астана сынды танымал композициялардың орындаушысы.