Су құбыры және канализация басқармасы баспасөз турын өткізіп, мемлекеттік мекемедегі өзгерістер жайын баяндады. Биыл мұндағы бірнеше сорғы станциялары жөндеуден өтіп, қуаттылығы артқан.

Баспасөз турында инвестициялық бағдарламаның орындалу нәтижесі көрсетілді. Сәуле станциясындағы құрылғылар жаңартылып, қуаттылығы сағатына 100 текше метрден 150 текше метрге дейін артқан. Өйткені шағынаудандағы халық саны еселеп өсіп, тіршілік көзіне деген қажеттілік артқан.



БАҒДАТ БАЙБОЛОВ, СУ ҚҰБЫРЫ ЖӘНЕ КАНАЛИЗАЦИЯ БАСҚАРМАСЫ МКК БАСШЫСЫ
 – «Мына станция құрылғанда тұтынушылар саны 7-9 мың аралығында болған. Былтыр, арғы жылдары 14-15 мыңға жетіп, Құрсай ш-а қосылғалы 22 мыңға жетті. Тұрғындар қосылған сайын біз де насос қуаттылығын ұлғайтып отыруымыз керек қой. Оларға 24 сағат бойы жеткілікті қысымда су беру үшін.»


Жиынға қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Мекеме қызметкерлері келушілерге атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырып, құрылғылардың жұмыс істеу тәртібін түсіндірді.


 ҚАНАҒАТ МАРАТҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ

«Жүргізіліп жатқан жұмыстар қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға бағытталған.» «Өздеріңіз де көрдіңіздер, барлығы жаңартылған.»


Құрылғыларды жаңартудан бөлек, жауаптылар станция қауіпсіздігін де күшейтті. Бақылау камераларының санын көбейтіп, ескілерін жаңасына ауыстырған. Ішкі жолдарды асфальттап, жарық шамдар орнатылды.