Шымкентте «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» атты республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған зияткерлік дода жас пікірсайысшыларды бір арнаға тоғыстырды.

 Жастар арасындағы патриоттық рухты нығайтуға бағытталған сайысқа елдің 9 өңірінен 120-дан астам команда қатысты. Қатысушылар білім мен шешендік шеберліктерін ортаға салды. Білім бәйгесінің салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы арнайы қатысып, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын жоғары бағалады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Егемендікті сақтау үшін сіздердің деңгейлеріңіз жоғары, алған білімдеріңіз сапалы, мұраттарыңыз асыл, ойларыңыз ізгі болуы тиіс».


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай зияткерлік сайыстар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, ел дамуына үлес қосатын белсенді буын қалыптастыруға ықпал етеді.


ЖАНСЕРІК ЖҰМАН, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ КММ БАСШЫСЫ
Бүгінгі турнир Шымкент қаласы әкімінің кубогі ретінде өтуде. Бұл - пікірсайысшылар үшін үлкен мәртебе, үлкен жеңіс деп есептейміз.


Сайыс барысында қоғам дамуына қатысты өзекті тақырыптар талқыланды. Жарыс жеңімпазы атанған алматылық студент жасанды интеллекттің артықшылықтарын ғылыми тұрғыда дәлелдеп шықты.


БАҚДӘУЛЕТ СЕЙСЕНБАЙ, ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ
Бүгінгі тақырыптар өте қызықты болды. “Жасанды интеллект адамдардың интеллектін төмендетіп жатыр ма?” деген мәселе көтерілді. Біз оппозиция тарапында болып, бұл пікірмен келіспейтінімізді нақты дәлелдермен қорғап шықтық.


 Зияткерлік додаға тәжірибелі пікірсайысшылар төрелік етті. 70-ке жуық кәсіби төреші қатысушылардың шешендік қабілеті мен логикалық ойлау деңгейін бағалады.


АЗАМАТ ШӘКІР, БАС ТӨРЕШІ
Турнирге 123 фракция тіркелді. Іріктеуден өткен үздік командалар бақ сынады. Төрешілер құрамына Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан өкілдер енді.


Екі күнге созылған сайыс өз мәресіне жетіп, үздік ойы мен шешендігімен танылған командалар қалалық әкімдік тарапынан марапатталды. Жастардың еркін ойы мен өткір пікірі тоғысқан бұл дода - ел руханиятына серпін берген тың жобалардың бірі болды.