«Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданы, Мырзакент елдімекенінде республика деңгейінде жасөспірімдер арасында өткен қазақ күресінен «Ауыл барысы» турнирі өз мәресіне жетті. Турнир 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Спорттық іс-шара жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары қойып, қазақ күресі спортының тынысын ашуға үлкен септігін тигізіп келеді.
Турнирдің мақсаты - ауылдық жерлерде спорт түрлерін дамыту, жастарды ұлттық спортқа баулу және отансүйгіштік сезімді қалыптастыра отырып, қазақ күресін ұлттық идея деңгейіне көтеру мен халықаралық аренадағы беделін арттыру.
АБЗАЛ БЕКСҰЛТАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Осы іс-шараны үш жылдан бері өткізіп келеміз. Мақсат – қазақ жастарын спортқа баулу және ұлттық спортты дамыту. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. 2023 жылы 250 баламен бастасақ, биыл – 2025 жылы 500 балаға жетті.
Турнирге Өзбекстан Республикасы, Қызылорда облысы, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының қала-аудандарынан 400-ге жуық спортшы қатысты. Ақтық сынға шыққан палуандар «Ауыл» партиясының дайындаған медаль, диплом, қаржылай сыйлықтармен және бірінші орын иегерлері белбеумен марапатталды. Турнирдің түйе палуаны атанған - Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі №1 спорт мектебінің 8-сынып оқушысы Абілқасым Ербұлан Жәнібекұлы. Ол 200 мың теңге, медаль, диплом, белбеу және арнайы дайындалған жеңімпаз кубогымен марапатталды.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін 400-ден аса жас спортшы келіп отыр. Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Алматы қаласынан, тіпті көрші Өзбекстаннан да қатысушылар бар. 3 жылдың ішінде қатысушылар саны артты. Ақсақалдар да қолдап, ақ баталарын беріп жатыр. «Ауыл» партиясы Қазақстан бойынша “Ауыл ойындарын” барлық аймақта өткізіп, жылдың соңында Астанада үлкен финал ұйымдастырылады. Ауыл дами береді деп сенеміз.
Жеңімпаздарды «Ауыл» партиясының Түркістан облыстық филиалының аппарат басшысы Әжіметов Нұржан Нұрмаханбетұлы, аудан әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы және партия белсенділері марапаттады. Ұлттық спортты дамыту мен ауыл жастарына қолдау көрсету - «Ауыл» партиясының басты бағыттарының бірі. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу де басты назарда.