16 қыркүйектен бастап өз банк шотын бөгде адамның қылмыстық мақсатта пайдалануына рұқсат бергендерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл өзгеріс ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында қарастырылған.
Жаңа норма күшіне енгеннен бері ел бойынша банк шотын есірткі сатушыларға сыйақы үшін әдейі берген 10 азамат анықталған. Орал қаласында 18 жастағы жігіт өз төлем картасын қылмыстық топқа беріп, олар оны екі ай бойы есірткіден түскен қаржыны аудартып отырған. Күдікті ұсталып, кінәсін мойындаған. Атырау облысында да 21 жастағы қыз өз картасына 400-ден астам ақша аударымын жасауға рұқсат еткен. Кейіннен ақшаның есірткі саудасынан түскені анықталған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті осындай қылмыстар үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді. Өз банк реквизиттеріңізді бөгде адамдарға ешқашан бермеңіз — тіпті ақша үшін де, - дейді тәртіп сақшылары.