Шымкентте тұрғындардың пікірін жылдам қабылдауға арналған жаңа цифрлық платформа іске қосылды. Қоғамдық орындарға орнатылатын QR-код арқылы кез келген азамат шаһардың дамуына қатысты ойын бірден жолдай алады. Жүйеге түскен ұсыныстар сараланып, ең өзекті әрі пайдалысы нақты іске асырылмақ.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Мынадай qr код қаладағы дерлік барлық қоғамдық орында бар. Мұны былай сканерлейсіз де, алыс-қосар ой-пікір, арыз-шағым, талап-тілек жолдайсыз. Мәселен, мұнда мынадай қателік бар, нұқсанды оңдау керек деп ескертесіз. Сіз жіберген хабарламаны әкімдік қызметкерлері оқып, ақауды түзетуге күш салады.
Қала тұрғыны Рызогәли Сүлейманов жаңа жобаны маңызды бастама деп бағалайды. Оның айтуынша, бұл жүйе әр тұрғынның ойын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Әсіресе жастар үшін өз идеясын ұсынып, қаланың дамуына ықпал етудің қолайлы жолы.
РЫЗОГӘЛИ СҮЛЕЙМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ ЖАСТАР КОМЬЮНИТИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Маған бұл өте жақсы бастама сияқты көрінеді, өйткені әр азамат өз идеясын ұсына алса, қала дамиды. Әкімдік те мұны назарға алады, сол арқылы қаламыздың дамуына және жақсаруына ықпал жасалады.
Енді әр тұрғын ұялы телефоны арқылы QR-кодты сканерлеп, өз ойын тікелей жібере алады. Бұл мүмкіндік әсіресе бұрын пікірін жеткізе алмаған азаматтар үшін маңызды. Жүйе барлық 5 аудан бойынша жұмыс істеп, ұсыныстарды қабылдау мен жүзеге асырудың нақты механизмін қамтамасыз етеді.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сіздерге де осыны қала әкіміне жеткізші, әкімдікке айтыңызшы деп жататын тұрғындар бар екеніне біз сенімдіміз. Енді ол кісілер тікелей өз үлесін қоса алады, өз ұсыныстарын жолдай алады. 5 ауданда да тікелей әкім халықтың арыз шағымын алып отыратындай жағдай жасаймыз деп отырмыз.
Шамамен 40 QR-код саябақтар мен қоғамдық көліктерге орнатылған. Енді тұрғындар нақты өзгерістерге үлес қоса алады. Жүйе әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты күшейтіп, қаланың дамуына белсенді қатысуға мүмкіндік береді.