Абай облысында Шымкент қаласының мәдениет күндері өтті. Шымкентік өнер ұжымдары мен зиялы қауым өкілдері мәдени бағдарлама аясында көрермен қауымға әзіл-сықақ және сатира театрының қойылымын ұсынды. «Шежірелі Шымкенттен – Ұлы Абай еліне» атты концерттік бағдарламалар, сондай-ақ, әдеби-танымдық кездесулер мен көрмелер қойылды.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Құлбек Ергөбек пен белгілі абайтанушы, ғалым Ақжол Қалшабек оқырмандармен шығармашылық жүздесу өткізді. Еркін форматта өткен сұхбат барысында қаламгерлер әдебиет, ұлттық мұра, Абайтану ғылымының бүгінгі өзекті мәселелері туралы ой қозғап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу өзара пікір алмасуға, рухани байланыс орнатуға және шығармашылық көзқарастарды ортаға салуға мүмкіндік берді.
Шымкент қаласының мәдениет күндері аясында оңтүстіктен келген меймандар облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына қарасты Абай музей-үйінде болды. Ғимаратты аралап, ұлы ойшылға қатысты құнды жәдігерлермен танысты. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесіне барып, ұлылар рухына тәу етті. Бұдан кейін делегация Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай салбурыны – 2025» республикалық құсбегілер турнирінің жабылу салтанатын тамашалады. Аталмыш мәдени іс-шара екі өңір арасындағы рухани және мәдени байланысты нығайтып, шығармашылық тәжірибе алмасуды жаңа деңгейге көтеруге бағытталып отыр. Сонымен қатар, әдебиет пен өнер арқылы рухани сабақтастықты тереңдетеді.