Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Кездесуде әріптестікті нығайту, экономикалық және мәдени байланыстарды тереңдету, инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралып, келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Түркістанның тарихи мәніне тоқталып, инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.


 Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік сипатында дамып, экономика, қорғаныс және мәдениет салаларын қамтиды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнатылған. 2024 жылқорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,8 млн АҚШ долларын құраған. Өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық әлеуетін таныстырды. Үндістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сайлас Тангал  туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытты. Сөз соңында мәртебелі елші «индустриалды аймақтар мен инвесторларға жасалатын қолдаулар туралы толық мәлімет алдық, әріптестікті нығайтуға күш саламыз» деді. Кездесу соңында екі тарап өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін мәлімдеді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ұлы тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Ал Үндістанда Тәж-Махал кесенесі бар. Осы ретте біздің халықаралық әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып, әуе рейсін ашу жолын қарастыруды ұсынамыз. Өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Мұнда 20 индустриалды аймақ және аумағы 4000 гектарды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, оның қатысушыларына салықтық жеңілдіктер мен жобаларын барынша тиімді іске асыруға мүмкіндік беріледі.»