Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманмен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесіп, өзара әріптестікті нығайту бағытында келіссөз жүргізді. Елшіге Түркістан өңірінің туристік және инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Ұлыбритания – еліміздің индустрия, энергетика, қаржы, білім, жасыл технологиялар және инновация салаларындағы маңызды стратегиялық серіктесі. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан жылға артып келеді. 2024 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 886 млн. АҚШ долларын құраған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– Тауар айналымы ауқымды. Екі тарап екі жақты тең жұмыс атқарып келеді. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және жоғары деңгейдегі тауарларды өндіру индустриясын дамыту.»
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси облыс басшысымен пікір алмасып, әріптестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.
САЛЛИ АКСУОРСИ, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ
«Сауда және экономикалық байланыстарды жандандыру жөніндегі ұсыныстарды қарастырамыз. Сауда айналымын ұлғайтуға мүдделіміз. Инвесторларға жасалатын мүмкіндіктерді тиісті өкілдерге жеткіземіз»
Кездесу соңында қос тарап әріптестікті нығайтудың мән-маңызында тоқталып, екі жақты ынтымақтастықты күшейту қажетін сөз етті.