Шымкентте жас режиссерлар байқауы өтті. Оған 30-дан аса үміткер өтінім жолдаған. Ақтық сынға тек 3 туынды іріктеліп, көрермен назарына ұсынылды.
Бақытжан Көшеров – бұған дейін қысқа метрлі 10-ға жуық фильм таспалаған. Туындыларының дені әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Фестифальге ұсынған кезекті еңбегі де отбасылық қарым-қатынас тақырыбына арналған. «Әке» шығармасы отағасының жанұядағы рөлі мен бала тәрбиесіндегі функциясын айқындайды. Режиссердің сөзінше, идеяға қозғау салып, туындыға түрткі болған Мұқағали Мақатаевтың жыр-шумақтары. Фильм әлеуметтік желіде 200 мың қаралым жинап, көптің көңілінен шыққан.
БАҚЫТЖАН КӨШЕРОВ, РЕЖИССЕР
– «Ел танитын ешқандай танымал актерлар жоқ. Менің мақсатым жаңа әртістерді таныту. Осы фильмге түскен актерлар басқа филмдерге де түседі деген үміттемін. Өйткені, өз образдарын өте керемет деңгейде алып шықты.»
Айнымас дәстүрге айналған байқау жыл сайын бірнеше жас режиссердің жұлдызын жағады. Қатысушыларды арнайы тағайындалған бейтарап комиссия бағалап, бекітілген критерийлерге сәйкес іріктейді. Қоюшы таспагердің шеберлігі, көркемдік шешімі мен фильмнің мән-мазмұны басты назарда.
АРУЖАН ӘЛЖАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Жастар ресурстық орталығының бұл шараны өткізудегі мақсаты режиссерларды қолдау, мәдениетті дамыту. Өзекті мәлелелерге айналған дүнилерді кең көлемде жастарға дәріптеу.»
Байқау жеңімпаздары арнайы сертификат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.