Биыл TazaQazBot телеграм-чатына 24 мыңнан аса азамат өтінім жіберген. Сервис ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында құрылған болатын.

Платформа ел тұрғындарына әртүрлі экологиялық мәселелер бойынша өтініштер мен шағымдарды жылдам және ыңғайлы жолмен жолдауға мүмкіндік береді. Өтініш беру үшін авторизациядан өтіп, фото тіркеп, мекенжайды көрсетіп, мәселені қысқаша сипаттау жеткілікті. Барлық өтініштер автоматты түрде жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Орындаушылар жұмыс аяқталғаннан кейін фотоесеп беруге міндетті. Пайдаланушы орындалу барысы туралы хабарлама алып отырады, сондай-ақ қызмет сапасын бағалай алады. Биыл чат-ботқа 24 314 өтініш түсіп, оның 22 489-ы орындалған. Ең көп көтерілген мәселелер — аумақтарды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көшелерді абаттандыру және жолдарды жөндеу тақырыптары.