Түркістанда қалалық прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған нысан қажетті техникалармен жабдықталған. Бүгін лента қию рәсімі өтіп, зиялы қауым өкілдері ғимарат ауласына көшет отырғызды.


Екі қабатты нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, өңір прокуроры Мұрат Тлеубердиев қатысты. Облыс басшысы прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимаратпен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
–Бұл заңға деген сенімнің, әділдікке деген құрметтің белгісі деп білемін. Түркістан – рухани астана. Бабаларымыз осында елдік мәселелерді шешкен болатын. Өздеріңіз білесіздер, 17-ғасырда «Жеті жарғы» заңдар жинағы осы қалада дайындалған. Ал бүгін рухани шаһарда құқық пен әділдіктің жаңа ордасы бой көтеріп жатыр. Бұл – рухани сабақтастықтың көрінісі


Прокуратура – заң үстемдігін нығайтуға, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз етуге, тұрғындардың өтініштеріне жедел және сапалы жауап беруге арналған орталық. Ғимараттың құрылысы биыл ақпан айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «Нұр-Строй» ЖШС жүргізді. Ғимарат заманауи техникалармен жабдықталған: қызметкерлер бөлмесі, жиналыс залы, асхана, жаттығу алаңы мен жабық спорт залы және автотұрағы бар.


ҒАБИТ САДЫРБЕКОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 –Салынған ғимарат – Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мен құқық қорғау жүйесін дамытудың нақты нәтижесі. Облыс прокурорының бастамасымен және Бас прокурордың тікелей қолдауымен бюджеттен қаражат бөлініп, нысан уақытылы аяқталды.


Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, облыс әкімі жергілікті зиялы қауым өкілдерімен бірге нысанды аралап көрді. Содан соң келген қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың көркеюіне атсалысты.


Айта кетейік, биыл Президент бастамасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілген болатын. Қасиетті шаһар қарқынды дамып жатыр. Халық саны өсіп, әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған турист ағылуда. Зиялы қауым өкілдері заманауи нысандардың бой көтеріп, көбеюі рухани астананың көркін еселейді, – дейді.