«Жатақхана» комедиялық қойылымы көрерменге жол тартты. Студенттік шақтың қызығы мен қиындығын қатар суреттейтін бұл туынды көпшілікті адамгершілікке үндеп, достықты дәріптеуге шақырады. Толығырақ – премьераға қатысып қайтқан әріптесім тарқатады.
Қойылым желісі бір бөлмеде тұрып, бір нанды бөлісіп, тынымсыз тіршілігін бірге өткізетін алты студенттің өмірін суреттейді. Болмысы мен бітімі бөлек, мінез-құлқы әр алуан жастар өзіне тән көзқарасымен дараланады. Қиялына ерік берген кейіпкерлер сынға толы сәттен қаймықпай өтіп, достықтың қадірін ұғындырады.
МАРАТ БЕКҰЗАҚ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ЖӘНЕ САТИРА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Мен спектакльде Манас есімді студент жігіттің рөлін сомдаймын. Манас – өлеңдерінің ұйқасы мүлде келіспейтін ақын жігіт. Қойылымға дайындалып жатқанда студенттік жылдар еріксіз еске түсті. Спектакльді заманауи етіп жасап шықтық.
Спектакльдің оқиға желісі жергілікті драматург Еркебұлан Жолдасовтың пьесасынан алынған. Бұған дейін студенттік үйлерде сахналанған қойылым он жылдан кейін жаңа форматта қайта жаңғырып отыр.
ЕРКЕБҰЛАН ЖОЛДАСОВ, ПЬЕСА АВТОРЫ
Осыдан он жыл бұрын бұл пьесаны студенттік үйлерде қойдық. Бұл қойылымды қоюдағы мақсатымыз – өзектілікті сақтап, студенттік атмосфераны беру болатын.
Басты кейіпкерлерден бөлек қойылымға қосалқы бейнелер де енгізілген. Он адамнан тұратын актерлік құрам сахнаға өзгеше реңк беріп, көрерменді өз әлеміне жетеледі.
АРУЖАН НАЗАРОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ӘЗІЛ-СЫҚАҚ ЖӘНЕ САТИРА ТЕАТРЫНЫҢ ӘРТІСІ
Көрші қыздың рөлін сомдайтын боламын. Көрші қыз – спортпен айналысатын, күші көп, ешкімнен қаймықпайтын тентек қыз.
Қазіргі қоғамда кең таралған трендтер мен түйткілді тақырыптар да пьесаның өзегіне шебер енгізілген. Студенттік өмірдің базары мен ажарын бейнелеген туынды көптің ыстық ықыласына бөленді.