Есірткі – қоғам індеті. Онымен күресіп, жасөспірімдер санасына қаншалықты зиян екенін насихаттау – қоғам міндеті. Осы мақсатта «Түркістан – қауіпсіз» қала бағдарламасы аясында «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» тақырыбында көркем шығарма жазу байқауы өтті.


 Көркем шығарма байқауы 16-шы рет өткізіліп отыр. Оған 12 мен 21 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Олар көркем шығарма бойынша бұрын жазылмаған, әлеуметтік желіден көшірілмеген туынды жазып сайысты. Үлкен топтан 7, кіші топтан 43 үміткер өтінім білдіріп, нәтижесінде 37 үміткер іріктеуден өтіп, жүлдегерлер анықталды.


АЙЫМ ОРАЗБАЙ, БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ
Мен өткен жылы осы ұйымдастырылған байқауға қатысқан болатынмын. Ол кезде 3-ші орын алдым. Мен оны өз мүмкіндігім деп санадым. Ережесіне қараған кезде байқауда үшінші орын алған қатысушылар қайта қатыса алады дегенді оқыдым. Солай өзім қатысайын дедім. Жетекшіме рақмет, көмегін көрсетті. Осы көркем шығармамды жазып бітірдім. Осы жолы тағы да дәлелдеп, бас жүлдені алдым.


ЖАСМИН ҚАЛЫМБЕТОВА, БІРІНШІ ОРЫН ИЕГЕРІ
Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастырған «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды алдым. Мен өте қуаныштымын. Байқауда көп еңбек еттім және көмектескен жетекшіме алғыс айтамын. Жарысты ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз.


Байқау «Көркем ой», «Зерек бала», «Ұшқыр ой», «Күміс қалам», «Тапқыр ой», «Ізденіс шеберлігі», «Үздік шығарма» және «Ерекше зейін» номинациялары бойынша өтті.


 ҰЛЖАЛҒАС СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ
Бүгінгі шараға өзім келдім, қатыстым, қуаныштымын. Көптеген жастардың шығармаға араласуы қуантарлық жағдай. Себебі жастар арасындағы есірткіге тәуелсіздікті дәріптеп жазған балалар бізді қуантады. Мен жастарға айтарым: ішімдікке, нашақорлыққа және қоғамда жастар арасында кең таралып жатқан есірткіге әуес болмаңдар. Тек оқыңдар, білім алыңдар! Алланың берген денсаулығын лас нәрсеге қорламаңдар.


Полиция мәліметі бойынша, соңғы екі жылда есірткі қылмысы 15 %-ға төмендеген. Еліміздің барлық өңірінде 30-дан аса оңалту және психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда тәуелді азаматтарға көмек көрсетіліп, отбасымен жұмыс жүргізіліп келеді. Қоғамдық қорлар мен волонтерлік ұйымдар 10 000-нан астам адамға көмек көрсеткен.